Мәзірді көрсету Іздестіру
БАҚ біз туралы
Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігі
Сенім телефоны
+7 7172 754-547
Тегін қоңырау

You are here

Комитет туралы ереже

Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің м.а.
2014 жылғы 17 қазандағы
№ 92 бұйрығына
1-қосымша

«Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінiң

Көлiк комитетi»

мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Көлiк комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінiң (бұдан әрi - Министрлік) құзыретi шегiнде, реттеуші, іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларды жүзеге асыратын, сондай-ақ әуе және құбыржол көлiгiн қоспағанда, көлік саласында Министрліктің стратегиялық функцияларын орындауға қатысатын ведомствосы болып табылады.

Комитеттiң «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінiң Көлiк комитетi» мемлекеттік мекемесінің Ережесіне (бұдан әрi - Ереже) сәйкес аумақтық органдары бар.\

2. Комитет өз қызметiн Қазақстан РеспубликасыныңКонституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актілеріне, өзге де нормативтiк құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Комитет мемлекеттiк мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.

5. Комитет өз құзыретiндегi мәселелер бойынша төрағаның бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

6. Комитеттiң құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы бекітеді.

7. Комитеттiң толық атауы:

мемлекеттік тілде - «Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Көлiк комитетi» республикалық мемлекеттiк мекемесi;
орыс тілінде - республиканское государственное учреждение «Комитет транспорта Министерства по инвестициям и развитию Республики Казахстан»

8. Комитеттiң орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 32/1, «Транспорт Тауэр» ғимараты.

9. Осы Ереже Комитеттiң құрылтай құжаты болып табылады.

10. Комитеттiң қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

11. Комитет кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түспейді.

Егер Комитетке кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыруға құқық берiлген болса, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

 

 

2. Комитеттiң негiзгi міндеттері, функциялары және құқықтары

12. Міндеті:
әуе және құбыржол көлiгiн қоспағанда, көлiк саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу және оны ары қарай іске асыру.
Функциялары:
1) өз құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету;
2) теңіз көлігі аясындағы навигация және байланыс саласындағы қызметтерді ұсыну жөніндегі уәкілетті ұйымды айқындау;
3) әуе және құбыржолды қоспағанда, көлік саласындағы нормативтік құқықтық актілер және нормативтік техникалық актілер жобаларын жетілдіру, әзірлеу және дайындауға қатысу;
4) ішкі су жолдарына құрғақ күйді қамтамасыз ету және шлюздерді ұстау;
5) өз құзыреті шегінде техникалық регламенттерді және стандарттарды әзірлеу мен келісуді жүзеге асыру;
6) электрондық (цифрлық) тахографтарға электрондық карточкаларды дайындау және беру жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны туралы хабарлама берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізу;
7) электрондық (цифрлық) тахографтар жөніндегі ұлттық дерекқорды жүргізу;
8) өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету;
9) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кемелер тізілімінде мемлекеттік тіркелуі тиіс кемелердің командалық құрамының адамдарына диплом беруді жүзеге асыру;
10) рұқсаттамалық бақылауды жүзеге асыру;
11) жүк көлігі құралдарын өлшеудің халықаралық сертификатын беруді жүзеге асыру;
12) халықаралық және республикаішілік қатынастарда қауіпті жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының жүргізушілерін арнайы даярлау жөніндегі қызметтің жүзеге асырыла бастағаны туралы хабарлама берген жеке және заңды тұлғалардың тізілімін жүргізу;
13) Қазақстан Республикасында тіркелген, тез бұзылатын жүктерді тасымалдауға арналған көлік құралдарында халықаралық тасымалдауларды жүзеге асыру кезінде олардың Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы куәлік беру;
14) көлік қызметі субъектілерін жолаушылар мен көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін адамдармен олардың алып жүретін заттарын, оның ішінде қол жүгі мен багажын тексеріп қарауды жүргізу тәртібі мен талаптарының сәйкестігіне аттестаттауды өткізу;
15) жер учаскелерін берудің нормативтерін келісу;
16) өздігінен жүзетін шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәлік беру;
17) шағын кеме жүргізушілерін даярлау жөніндегі курстарды есепке алу;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бланк өнімін өткізу қызметтері үшін бюджет кірісіне түсетін төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылғаннан кейін жүзеге асырылатын, механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерінің міндетті техникалық байқаудан өткені туралы куәліктердің бланкілерін техникалық байқау операторларына беру;
19) міндетті техникалық тексеруден өту туралы куәлік бланкісінің нысандарын әзірлеу және бекіту;
20) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау өлшемдерін, жартыжылдық тексеру жоспарларын әзірлеу.
13. Міндеті:
республика экономикасы мен халықтың тасымалға, жұмыстардың орындалуына және қызмет көрсетулерге қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ әуе және құбыржолды қоспағанда, тасымалдауды және көлік инфрақұрылымын әрі қарай дамыту.
Функциялары:
1) теңіз жолдарының навигациялық жағдайының құралдары қолданылатын аймақтағы құрылысты келісу;
2) Қазақстан Республикасының шекаралық аймақ учаскелерін қоспағанда, кемелердің ішкі су жолдарымен жүзу жағдайларын навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
3) тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының келісімі бойынша жолаушылар мен багажды облысаралық қалааралық тұрақты автомобиль тасымалдау маршруттары мен қозғалыс кестелерін бекіту;
4) жолаушылар мен багаждың тұрақты халықаралық автомобиль тасымалдарын ұйымдастыруды, көрсетілген тасымалдардың бағыттар бойынша қозғалу кестесін келісуді жүзеге асыру;
5) жолаушылар мен багаждың тұрақты халықаралық және қалааралық, облысаралық автомобиль тасымалдары бағыттарының тізілімдерін жүргізуді жүзеге асыру;
6) транзиттік әлеуетті пайдалану туралы ақпаратты жинақтауды, автокөлік құралдары қозғалысының қарқындылығын есепке алуды жүзеге асыру, жинақталған ақпаратты белгіленген нысандағы есеп беру құжаты түрінде беруді ұйымдастыру және жүзеге асыру;
7) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етуді жүзеге асыру;
8) ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi.
14. Міндеті:
заңды және жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық мүдделерін қорғау, сондай-ақ бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау, оның ішінде халықаралық тасымалдау саласында.
Функциялары:
1) шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен рұқсат беру құжаттарының бланкілерімен тепе-тең алмасуды жүргізу;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шетел мемлекетінің аумағы бойынша Қазақстан Республикасы тасымалдаушыларының жүріп өтуіне рұқсат беру;
3) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша отандық және шетелдік ірі габаритті және (немесе) ауыр салмақты көлік құралдарының жүріп өтуіне арнайы рұқсаттар беру;
4) өз құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;
5) мемлекеттік қызмет көрсету кезінде тұтынушылар құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету;
6) шетелдік автокөлік құралдарының уақытша кіруін тіркеу;
7) қоғамдық бірлестіктермен және автомобиль көлігі саласындағы қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы заңды тұлғалар бірлестіктерімен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасасуын қамтамасыз ету;
8) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығын беру және кемені шет мемлекеттің туын көтеріп жүзуге уақытша ауыстыру туралы шешім қабылдау;
9) шет мемлекеттің туын көтеріп жүзетін кемелердің каботажды және сауда мақсатында теңізде жүзумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруына рұқсаттар беру;
10) жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдауға рұқсат беру туралы куәлік беру;
11) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттің тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүріп өтуге рұқсат беру;
12) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауіпті жүкті тасымалдауға арнайы рұқсат беру;
15. Міндеті:
әуе және құбыржолды қоспағанда, көліктің барлық түрлерінде қауіпсіз пайдаланудың қамтамасыз етілуіне және қызметіне бақылау жүргізу.
1) сервис орталықтарын (шеберханаларды) бақылауды жүзеге асыру;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен автожолдарда және автокөліктерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша іс-қимылдарды жүзеге асыру;
3) магистральдық, станциялық және кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруді жүзеге асыру;
4) кеме қатынасы және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
5) шағын көлемді кемелерді техникалық қадағалауды жүргізуді жүзеге асыру;
6) метрополитендегі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және техникалық құралдарды ұстауға бақылауды жүзеге асыру;
7) қозғалыс қауіпсіздігінің және қоршаған ортаны қорғаудың белгіленген талаптарына жай-күйі жауап бермейтін магистральдық темір жол объектілерін, темір жолдар мен жылжымалы құрамды пайдалануды тоқтата тұру және тоқтатуды жүзеге асыру;
8) қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы туралы статистикалық ақпарат қалыптастыру;
9) ішкі жол жолдарында орналасқан кемелерді, салдарды және өзге де жүзбелі объектілер мен құрылыстарды олардың қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігіне қарап тексеруді жүргізу;
10) кемені пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келмейтін кемелерді (оның ішінде шағын көлемді), салдар мен өзге де жүзу объектілерін ұстауды жүзеге асыру;
11) кеме қатынасы қауіпсіздігіне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, жүктердің сақталуына қауіп болған кезде кемелердің (оның ішінде шағын көлемді), салдар мен өзге де жүзу құрылыстарының қозғалысын тоқтата тұру және тыйым салуды жүзеге асыру;
12) өз құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тарту;
13) порттың теңіз әкімшілігі арқылы жүзеге асырылатын теңізде жүзу қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асыру;
14) кеме қатынасы су жолдарының және навигациялық жабдық құралдарының тиісті күтіп-ұсталуын бақылауды жүзеге асыру;
15) порттық құрылыстардың қауіпсіз пайдаланылуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
16) темір жол көлігіндегі, оның ішінде магистральдық, станциялық және кірме темір жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асыру;
17) мемлекеттік меншік болып табылатын темір жолдар бойынша темір жол қатынасын тоқтатуды жүзеге асыру;
18) кірме жолды одан әрі пайдалануды тоқтату және кірме жолды пайдалануды қайта бастау туралы шешім қабылдау;
19) кеме кітабында мемлекеттік тіркелуге тиіс кемелерге техникалық қадағалауды жүзеге асыру;
20) ішкі су көлігі саласындағы бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру.
16. Міндеті:
әуе және құбыржолды қоспағанда, заңды және жеке тұлғалардың көлік саласындағы қызметіне, сондай-ақ заңнама талаптарын сақтауына бақылау жүргізу.
Функциялары:
1) жеке және заңды тұлғалардың су көлігінің жұмыс істеу, олардың бұзылуын анықтау және жолын кесу жөніндегі шараларды қабылдау тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын сақтауын мемлекеттік бақылау және қадағалауды жүзеге асыру;
2) өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк құпияларды қорғау, азаматтық қорғаныс, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;
3) техникалық тексеру операторларының тізілімін жүргізу;
4) кемелерді, оның ішінде шағын көлемді кемелерді, оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру, тиісті кеме құжаттарын беру, Мемлекеттік кеме тізілімін, кеме кітабын және жалға алынған шетелдік кемелердің тізілімін жүргізу;
5) республикаішілік қатынаста жолаушылар мен багажды тұрақты емес автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде тасымалдау шартының болуын тексеру;
6) жылжымалы темір жол құрамының мемлекеттік тіркелуін бақылауды жүзеге асыру;
7) Қазақстан Республикасының автомобиль көлігі туралы заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру;
8) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша қалалардың шекараларындағы немесе өзге де елді мекендердегі жалпы пайдаланудағы автокөлік жолдарындағы көлік бақылау орындарында автокөлік құралдарының жүрістеріне бақылау жүргізу;
9) Кемелерде техникалық пайдалану қағидаларының, қызмет жарғысының сақталуын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
10) ішкі су жолдарында кеме қатынасын жүзеге асыратын кеме иелерінің, кеме экипажы мүшелерінің, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасына сәйкес кемелерді пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын орындауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
11) өз құзыретінің шегінде тексерулер нәтижелері бойынша актілер жасау және су көлігінің қызмет ету тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын, стандарттары мен нормаларының анықталған бұзылуын жою туралы ұйғарымдар енгізу;
12) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша шетелдік тасымалдаушылардың каботаждық тасымалдауын анықтау және жолын кесуді жүзеге асыру;
13) жеке және заңды тұлғалардың ішкі су жолдарымен жүзу тәртібін сақтауын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
14) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы тасымалдаушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасауын мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
15) алкогольден, есірткіден және уытқұмарлықтан мас күйдегі шағын көлемді кемелердің кеме жүргізушілерін басқарудан шеттету және оларды медициналық тексеруге жіберу;
16) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша хаттамалар толтыру, іс жүргізуді жүзеге асыру;
17) қысқы тұрақта тұратын, пайдаланудағы теңіз кемелеріне уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің байқау жүргізуін бақылауды жүзеге асыру;
18) кеме экипажын жинақтауға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
19) кемеде кеме құжаттарының бар болуын тексеруді жүзеге асыру;
20) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда теңіз кемелерін және шағын көлемді кемелерді әкімшілік ұстауды, теңіз кемелерінде және шағын көлемді кемелерде тексеру жүргізуді жүзеге асыру;
21) автокөлік құралдарының жүруін, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген автокөлік құралдарының рұқсат етілген көлемдік және салмақтық өлшемдердің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
22) өз құзыреті шегінде заңды тұлғаға тиесілі аумақты, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлікті қарау, сондай-ақ тиісті құжаттарды тексеруді жүзеге асыру;
23) шетелдік автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына белгіленбеген өткізу пункттері арқылы кіру фактілерін анықтау;
24) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын ұйымдастыру кезінде рұқсат беру жүйесі талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
25) электрондық (цифрлық) тахографтарға қызмет көрсету және орнату бойынша қызмет көрсететін сервистік орталықтардың жұмыстарын бақылауды жүзеге асыру;
26) тасымалдаушылардың халықаралық қатынаста тез бұзылатын жүктерді тасымалдауды орындайтын жылжымалы құрамына қойылатын талаптарды орындауын бақылауды жүзеге асыру;
27) тасымалдаушылардың жолаушылар мен жүктерді, оның ішінде қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібін сақтауына бақылауды жүзеге асыру;
28) өз құзыреті шегінде тексеру нәтижелері бойынша актілер жасау және көліктің жұмыс істеу тәртібін айқындайтын Қазақстан Республикасы заңдарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің, стандарттардың және нормалардың талаптарын бұзушылық анықталғанда, оларды жою туралы ұйғарымдар енгізу;
29) әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерді не заңды тұлғаға тиесілі аумақты, үй-жайларды, көлік құралдарын, тауарларды, өзге мүлік пен заттарды тексеріп қарауды жүргізу кезінде табылған, әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы немесе тікелей объектісі болған, заңды тұлғаға тиесілі құжаттарды, тауарларды, өзге де мүліктер мен заттарды алып қоюды жүзеге асыру;
30) су көлігінде тасымалдау және басқа да қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы бөлігінде қызметін тексеру;
31) авариялық жағдайларды және көлік оқиғаларын, Су көлігін пайдалану қағидаларын бұзушылықтың алдын алу жөніндегі шаралар туралы мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу;
32) автомобиль жолдарын пайдалану тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
33) техникалық тексеру ооператорларының механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелерін міндетті техникалық тексеруден өткізу тәртібін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
34) көліктің жұмыс істеу тәртібін, олардың бұзушылықтарын анықтауды және жолын кесу бойынша шаралар қабылдауды айқындайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, халықаралық шарттарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
35) кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруды, ішкі су көлігінің жұмыс істеу тәртібін белгілейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерін жеке және заңды тұлғалардың сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
17. Комитет Қазақстан Республикасының заңдарында, көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
18. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
Комитет:
1) өз құзыреті шегінде бұйрықтарды шығарады;
2) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен және Комитеттің аумақтық органдарынан, мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан, жеке және заңды тұлғалардан қажеттi ақпаратты және материалдарды (есептіліктер, материалдар) сұратады және алады;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;
4) Комитет құзыретіне кіретін сұрақтар бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, конкурстар және басқа да іс шараларды жүргізеді;
5) басшылық ететін қызмет бағыттары бойынша консультативті-кеңестік органдарды (жұмыс топтары, комиссиялар, кеңестер) құру бойынша ұсыныстар енгізеді;
6) өз құзыретіне қатысты сұрақтар бойынша сараптамаларға қатысу үшін тиісті мамандарды тартады;
7) Комитеттің аумақтық органдарының көлікте өз қызметін жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға тексеру жүргізуіне қатысу;
8) мемлекеттік органдарға көлік оқиғаларының, көлікті пайдалану мен күтіп ұстау қағидаларының бұзушылықтарын алдын алу бойынша ұсыныстар енгізеді;
9) көліктік бақылау посттарында көлік құралдарын тоқтатуға қатысады;
10) шарттық міндеттемелердің орындалуын тексереді және көрсетілген қызметтер туралы актілерді қабылдайды;
11) көліктік бақылау посттарында жұмыс жасау кезінде арнайы техникалық байланыс құралдарын, арнайы көлікті пайдаланады, сондай-ақ таяқша мен ысқырғышты және шлагбаумды пайдаланады;
12) Комитеттің аумақтық органдарынан Министрлік және Комитеттің бұйрықтарын уақтылы және дәл орындауын талап етеді;
13) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асырады.
Комитеттің міндетіне кіреді:
1) Комитетке жүктелген міндеттер мен функциялардың іске асуын қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтайды;
3) Комитет құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсініктемелерді дайындайды;
4) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен мемлекеттік органдар ресми сұрау салған жағдайда, өз құзыреті шегінде және заңнама шеңберінде қажетті материалдар мен анықтамаларды береді;
5) Комитет балансындағы мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етеді;
6) бухгалтерлік есепті жүргізеді;
7) бухгалтерлік және қаржылық есептілікті жасайды және Министрлікке тапсырады
8) Комитетке бөлінген бюджет қаражатының толық, уақтылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
9) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін жүргізеді.

 

3. Комитеттiң қызметiн ұйымдастыру

19. Комитет және оның аумақтық органдары көлiктiк бақылау органдарының бiрыңғай жүйесiн құрайды.
20. Комитетті, заңнамада белгіленген тәртіппен Министрліктің Жауапты хатшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын төраға басқарады.
21. Төрағаның Министрліктің Жауапты хатшысымен қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
22. Комитеттің қызметкерлері қызметтік киім киюі мүмкін, нөмірлі төс белгілері және қызметтік куәліктері болады.
23. Комитет төрағасы Министрліктің басшылығына Комитеттің штаттық кестесі және құрылымы бойынша ұсыныстар береді.
24. Комитет төрағасы Комитеттің қызметіне жалпы басшылық жасайды және Комитетке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен өз функцияларының жүзеге асырылуы үшiн жеке жауап бередi.
25. Төраға осы мақсатта:
1) өз орынбасарларының, Комитеттің аумақтық органдары басшылары мен қызметкерлерінің мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн белгiлейдi;
2) Комитет қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
3) Комитет қызметкерлерiн іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемақы төлеу және сыйақы беру, сондай-ақ тәртiптiк жаза тағайындау мәселелерін шешеді;
4) Комитетті қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда білдіреді;
5) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережесін бекітеді;
6) Комитет жауапты болып табылатын республикалық бюджет бағдарламаларының іске асуына жеке жауапты болады;
7) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысына өз орынбасарларын, Комитеттің аумақтық органдарының басшыларын лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға, көтермелеу, материалдық көмек көрсету және жазаға тартуға ұсынады;
8) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Жауапты хатшысына Комитеттің және оның аумақтық органдарының құрылымы мен штат санын бекітуге ұсынады;
9) өзiнiң құзыретiне қатысты басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
Комитет төрағасының уақытша болмаған уақытта оның өкілеттілігін оның орнын басатын тұлға әрекеттегі заңнамаға сәйкес жүзеге асырады.

 

4. Комитеттің мүлкi

26. Комитеттiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
Комитеттiң мүлкі оған мемлекет берген мүлiк есебiнен құралады және құны Комитеттiң теңгерiмiнде көрсетiлетiн негiзгi қорлардан, айналым қаражатынан, сондай-ақ өзге де мүлiктерден тұрады.
27. Комитетке бекітілген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
28. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Комитеттің өзiне бекiтiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзге де тәсiлмен билiк етпейді.

 

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

29. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

 

© 2017

Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму министрлігі

Көлік комитеті